Әйелің жақсы болса... Қаз дауысты Қазыбек пен Әлібек батыр ел аралап келе жатса, жол бойында бір қария жолығады. Қарияға сәлем беріп, Әлібек батыр мынадай сауал қояды: – Уа, ақсақал, ауыл берекесі қайтсе кетеді? Ақсақал сәл ойланып былай дейді: – Ауыл ақсақалы шала болса, жігіттері алты ауызды ала болса, жасы үлкеніне жасы кішісі "сен" десе, сол ауылдың берекесі кетеді. Сонда Қаз дауысты Қазыбек би тұрып: – Уа, қария, ал үй берекесі қайтсе кетеді? – дейді. – Әйелің қабағын түйіп керілсе, шай құйып беруге ерінсе, ұлың ұрысқа сай болса, келінің керіске сай болса, қызың сумақай болса, сол үйдің берекесі кетеді, – деген екен қария. – Ал ақсақал, не жақсы? Ақсақал мүдірмей жауап беріпті: – Атың жақсы болса – тіршілікте мінген пырағың. Балаң жақсы болса – жанып тұрған шырағың. Әйелің жақсы болса – досың жаныңа жиналып, риза болар қонағың. – Ал не жаман? – Атың шабан болса – тіршілікте көрген азабың. Балаң жаман болса – ғұмырлық көрген азабың. Әйелің жаман болса – досың сенен безініп, үйіңнен кетер қонағың, –депті қария.